Visa және Қазақстан Ұлттық Банкі цифрлық экономика мен инновацияларды дамытуға бағытталған ынтымақтастықтың жаңа кезеңін жариялады

Алматы, 6 қараша, 2025 ж. – Цифрлық төлемдер индустриясының әлемдік көшбасшысы Visa және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттің цифрлық экономикасын дамытуға бағытталған ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастағанын хабарлады. Қазақстан Республикасы Президентінің АҚШ-тың Вашингтон қаласына жасаған ресми сапары аясында Қазақстан Ұлттық Банкінің төраға орынбасары Ақылжан Баймағамбетов пен Visa компаниясының жаһандық үкімет істері жөніндегі басшысы Роберт Б. Томсон III ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қол қою рәсімі АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Кеннеди орталығы бірлесіп ұйымдастырған C5+1 Anniversary Business Conference бизнес форумының аясында өтті. Конференция АҚШ пен Орталық Азия елдерінің мемлекеттік және бизнес өкілдерін экономикалық және технологиялық байланыстарды нығайту мақсатында біріктірді.

Меморандум цифрлық төлемдер саласындағы инновациялық технологияларды дамытуға тараптардың ортақ ұмтылысын нығайтады. Орталық банктің цифрлық валютасын (CBDC) одан әрі дамытуға ерекше назар аударылады. Осы мақсатта Ұлттық төлем корпорациясында Visa қолдауымен Құзыреттілік орталығы құрылады – бұл Қазақстанның цифрлық экономика инфрақұрылымын нығайтуға және оның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған білім, тәжірибе және практикалық кейстермен алмасуға арналған платформа.

«Қазақстан Ұлттық Банкімен әріптестікті дамытуға және елдің цифрлық экономикасының берік іргетасын бірге қалауға қуаныштымыз, – деп атап өтті Visa компаниясының жаһандық үкімет істері жөніндегі басшысы Роберт Б. Томсон III. – Бұл меморандум біздің инновацияға, қаржылық инклюзияға және тұрақты дамуға деген ортақ ұмтылысымызды айғақтайды. Біз қазіргі заманғы қауіпсіз, ыңғайлы және қолжетімді төлем шешімдері экономикалық өсімді жеделдетіп қана қоймай, миллиондаған адамдар мен кәсіпорындарға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенеміз».

Ынтымақтастықтың өзге бөлімдері ақпарат алмасу, білім беру бастамалары және жасанды интеллектке негізделген шешімдер арқылы киберқауіпсіздікті нығайту мен алаяқтықтың алдын алуға бағытталған. Серіктестіктің тағы бір маңызды бағыты – қаржылық сауаттылықты арттыру және инновациялық даму арқылы шағын және орта бизнесті қолдау. Бұл бағытта, сондай-ақ әйел кәсіпкерлерге білімге, нетворкингке және қаржылық мүмкіндіктерге жол ашып, өз істерін бастау мен кеңейтуге көмектесетін She’s Next, Empowered by Visa бағдарламасы жүзеге асырылады.


Visa туралы ақпарат

Visa (NYSE: V) – цифрлық төлемдер индустриясының әлемдік көшбасшысы. Visa тұтынушылар, бизнес, қаржылық және үкіметтік мекемелер арасындағы төлем транзакцияларын 200-ден астам елдерде және аумақтарда өңдейді. Біздің миссиямыз – инновациялық, ыңғайлы, сенімді әрі қауіпсіз төлем желісі арқылы әлемді біріктіру, сол арқылы тұтынушылардың және бизнес пен экономиканың өркендеуіне жәрдемдесу. Біз экономикада барлығына қолжетімділікті кеңейту бүкіл әлемдегі адамдардың әл-ауқатының өсуіне көмектесетініне, болашақта жаһандық ақша қозғалысы үшін негіз болатындығына сенімдіміз. Толық ақпарат https://www.visa.com.kz/kk_KZ сайтында.

 

БАҚ сауалдары үшін байланыс:

Анастасия Щербакова
Visa компаниясының Орталық Азия
елдеріндегі баспасөз қызметі
PBN Central Asia
Тел.: +7 705 170 2972
[email protected]
Данил Павленко
Visa компаниясының Орталық Азия және Әзербайжан бойынша корпоративтік коммуникациялар директоры
[email protected]